03-07-2021
Домбыра - қазақ халқының мақтанышы, бұл аспап туралы көптеген аңыздар жинақталған. Оның бірегей дыбысталуы тыңдармандардың жүрегін алғашқы минуттардан-ақ баурап алады, ал әуенділігі музыканттың көңіл-күйін дәл жеткізуге мүмкіндік береді.
Ұлттық домбыра күні қарсаңында этномәдени бірлестіктер мен шығармашылық ұжымдардың мүшелері, сондай-ақ, Достық үйінің белсенділері «Ұлттың саз байрағы - Домбыра» атты ақпараттық акция ұйымдастырды.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 12 маусымдағы Жарлығымен шілде айының бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып айқындалды. Осы акцияның арқасында біз Достық үйінің халықпен байланысын нығайтып қана қоймай, қала тұрғындарын қазақ халқының рухани және мәдени мұрасымен таныстырамыз, ұлттық аспап - домбыраға деген сүйіспеншілікті оятамыз», - дейді ұйымдастырушылар.
Іс-шара шын мәнінде тұрғындарды шабыттандырып, оларды таңғажайып музыка әлеміне батырды. Кәсіби домбырашылар «көшпенділердің құрбылары» ішектерінен дыбыстардың керемет әуенін алып шықты. Белгілі күйшілердің әуені тыңдауды баурап алып, атмосфераны ұлттық нақышқа толтырды.
Өскемендіктер домбыраның тарихы, оның құрылымы мен жазылу ерекшеліктері туралы көп мағлұмат алды. Әрқайсысы естелік сыйлық ретінде белгілі тұлғалардың домбыра туралы дәйексөздері мен оған арналған кітаптар туралы ақпараттары бар ашық хат алды.
«Мұндай іс-шаралар жиі өткізілсе екен деймін. Күнделікті күйбең тіршіліктен, шексіз істер айналымынан алшақтап, күні бойына алынған көңіл-күй өте жағымды әсер етеді», - деп бөлісті акцияға қатысушылардың бірі.
Ал біз барша қазақстандықтарды келе жатқан мереке - домбыра күнімен құттықтап, тек жақсылық, шабыт және керемет көңіл-күй тілейміз!