Достық үйіне - 30 жыл

09-02-2022

Достық үйіне - 30 жыл

Өскеменде тарихы өзгеше ғимараттар аз емес. Соның бірі де бірегейі - Достық үйі. Бұл мекеме әсіресе өңірімізді мекендеген өзге этнос өкілдері үшін ыстық. 2022 жылы татулық, тұрақтылық пен береке-бірліктің ордасына айналған Достық үйі өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. Ал сіз оның тарихының қайдан бастау алғанын білесіз бе? Өткенге көз жүгіртіп, аз-кем шегініс жасап көрелік. 

Бұл ұйымды құру идеясының авторы - қаламыздың Құрметті азаматы Лео Шик. Оның игі бастамасын зиялы қауым өкілдері мен жергілікті тұрғындар арасындағы құрметті адамдар қолдады. Осылайша 1992 жылы Шығыс Қазақстанның жүрегі - Өскемен қаласында еліміздегі алғашқы Достық үйі салтанатты түрде ашылды. Достық үйінің ашылуына республикамыздың Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев арнайы келіп, қатысты. Ұйымның қалыптасу жолдары да өте қызықты. Достық үйінің алғашқы директоры Сара Имашқызы Мәмиева кең жүректі жан еді, ол бар күш-жігерін көпшілікке жақсылық жасауға жұмсады. Ең алғашқы этно мәдени бірлестіктер де осы адамның басшылығымен құрыла бастады. Ең әуелі кәріс, неміс мәдени орталықтары құрылды, кейінірек бұған әзірбайжан мен татар бірлестіктері қосылды. Одан соң Достық үйінің тізгінін іскер азамат Эльдар Төлеубекұлы Төлеубеков өз қолына алды. Осы жылдары халықаралық ынтымақтастыққа ерекше мән берілді. Этно мәдени бірлестіктердің саны ғана емес, сапасы да артып, олардың саны 22-ге жетті. Бүгінде жас әрі жігерлі басшы Алмас Болатұлы Нұрғалиев осы жұмыстардың барлығын үйлестіріп, алға үлкен мақсаттар қойып отыр. 

Достық үйі – сан салалы ұйым. Бұл жерде шығармашылыққа да орын бар, шығармашылық ұжымдардың жарқыраған нөмірлерінсіз бірде-бір іс-шара өтпейді. Мұндағы қызметкерлер қоғамдағы маңызды мәселелердің оң шешілуіне көп көңіл бөледі: жастар саясаты, медиация, әлеуметтік мәселелер - бұл Достық үйінің қызмет аясындағы салалардың бір бөлігі ғана. Достық үйі қызметкерлері, этно мәдени бірлестіктер белсенділері мен шығармашылық ұжымдарды бір-ақ мақсат – жұмысқа деген сүйіспеншілік біріктіреді.