Достық үйінде өткен отбасы күні

14-08-2014

Достық үйінде өткен отбасы күні

Ағымдағы жылы ЮНЕСКО жариялаған Халықаралық отбасы күні қарасыңында, яғни 14 мамыр күні облыстық Достық үйінде «Біз жаңа ғасырда біргеміз» атты тақырыпта Байделдиновтер отбасымен салтанатты кездесу кеші болып өтті. Байделдинов Валиахмет Нұрахметұлы көп жыл білім саласында еңбек еткен білікті ұстаз, 38 жыл Жамбыл атындағы мектеп-интернаттың дикректоры болып қызмет атқарды. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші Валиахмет ағаның бүгінде шәкірттері республикамыздың әр жерінде, әртүрлі салада, жоғары қызметтерде еңбек етуде. Олардың арасында мемлекет және қоғам қайраткерлер, белгілі спортсмендер, композиторлар, әртістер, суретшілер бар. Валиахмет Нұрахметұлының Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, КССРО оқу ісінің үздігі, ҚР білім саласының құрметті қызметкері, «Нұр Отан» саяси партиясының құрылуына және қалыптасуына қосқан үлесі үшін «Отан» медалімен марапатталған. Жан жары Теңгебике Оспанқызымен 50 жыл отасып, екі бала тәрбиелеген үлгілі, интернационалды отбасы. Балаларының жұбайлары орыс ұлтынан. Келіндері қазақтың ұлттық тағамдарын өте дәмді дайындайды. Қандай мереке болмасын бала-шаға бірінші қара шаңыраққа жиналып жатады. Валиахмет аға мен Теңгебике апай немере, шөбере сүйіп отырған бақытты, тату отбасы. Осы кешке отбасылық шығармашылықты сақтаушы және насихаттаушы, облысқа белгілі екі шығармашылық отбасы Құрманғалиевтар мен Ұлан ауданына келген Шляховтар қатысты. Олар кеште өз репертуарларынан әндер орындады. Мерекелік шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Т.Түсіпбеков көпшілікті меркемен құттықтап, Валиахмет аға мен Теңгебике апайға шапан жауып құрмет көрсетті. Кешке қатысқан шығармашылық отбасыларын алғыс хаттармен марапаттады. Мерекенің көркін «ШҚ мұсылман әйелдері» қоғамдық бірлістігінің мүшелері әсем әндерімен аша түсті.