ЭМБ шығармашылық ұжымдарының достық сапары

14-08-2014

ЭМБ шығармашылық ұжымдарының достық сапары

Ағымдағы жылдың 22 мамыры күні ақпараттық-насихатау тобының жоспары бойынша облыстық Достық үйіне қарасты шешен этномәдени бірлестігінің «Ичкерия» би ансамблі, украин этномәдени орталығының «Кохання» вокалды ансамблі, «Мұсылман әйелдері» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Абай ауданындағы Қараул ауылының тұрғындарына концерт көрсетті. Концерт алдында ауыл тұрғындарына ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту мақсатында лекция оқылды. Қараул ауылына этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарын бастап барған Достық үйінің директоры міндетін атқарып жүрген Бағдат Оразбайқызы Есдәулетова өз сөзінде жиналған көпшілікке «Біз бір-бірімізге ұқсамасақта, әр тілде сөйлессекте, жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді демекші, әр халықтың жан дүниесін оның әнінен, музыкасынан да ұғынуға болады. Сондықтан, Достық үйінің этномәдени бірлестіктерінің өнерпаздарының өнерін тамашаласын деген мақсатта сіздерге келіп отырмыз» деп, келген шығармашылық ұжымдармен таныстырып өтті.. Ол өзге ұлттарды бір шаңырақ аясында жинап отырған мекеме жайында, оның міндеті мен мақсаты, 18 жыл ішінде атқарып келе жатқан жұмыстары, өткізіліп жатқан іс-шаралары жайында толық мәлімет берді. Ауыл тұрғындары «Кохання» (жетекшісі Г. Сербина), «Ичкерия» (жетекшісі Л.Колоева) ансамбльдерінің, «Мұсылман әйелдері» ҚБ мүшелері орындаған әндер мен билерді өте риза көңілмен, қошаметпен қабылдады. Достық үйінің шығармашылық ұжымдарынан кейін концертті, жергілікті Қараул ауылының шығармашылық ұжымдарының өнерпаздары жалғастырды. Олардың Европа елдерінің әлемге белгілі шығармаларын жақсы деңгейде орындағандарына, біздің этномәдени бірлестіктердің өкілдері таңданыстарын жасырмады. Іс-шараға аудан әкімі Ержан Сүлеймен, маслихат хатшысы Алтынбек Төлеуғазин, мәдениет қызметкері Әсет Мырзақмет, ішкі саясат бөлімінен Жақсыбек Еркінбек қатысты. Аудан әкімі Достық үйінің шығармашылық ұжымына алғысын білдіріп, Достық үйіне бағалы картина, ал өнерпаздарға Шәкәрім кітаптарын сыйға тартты. Келешекте тәжірбие алмасуға, облыстық Достық үйінде өтетін іс-шараларға Қараул ауылының мәдениет үйінің өнерпаздарын шақыруға келісім жасалды.