Этноквиз – тілдерді насихаттау

05-09-2022

Этноквиз – тілдерді насихаттау

«Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында» Қазақстан халқының тілдері күніне орай тілдерді насихаттауға арналған «Этноквиз» интеллектуалды ойыны өтті.

Шараға «Жастар» Ассамблеясының мүшелері, жоғары оқу орындары мен колледждердің өкілдері қатысты. Шара «ЭтноGame» ойынымен басталды.

Ойын біздің орталыққа қалай келді және оған кім бастамашы болды? Жастар форумында Омбы қаласына жұмыс сапарымен барған ШҚО «Жастар ассамблеясы» ұйымының жетекшісі Равиль Юнусов бұл ойынға қызығушылық танытып, оны біздің орталықта өткізуді ұйғарды. Негізгі ереже - бұл арнайы карталарды мүмкіндігінше жинап, тапқырлық көрсету. Ойын барысында қатысушылар өзге этнос өкілдерінің салт-дәстүрімен, ұлттық киімдерімен, ұлттық тағамдарымен және тұрмыстық бұйымдарымен танысты.

Жарысқа барлығы төрт команда қатысып, үздік команда топ жарып, көшбасшыны таңдады.

Жеңімпаздар өзара жарысып, басты жеңімпазды анықтады. Жеңіске ұмтылған қатысушылар ерекше белсенділік танытып, жарыс көркін келтірді.

"Ұйымдастырушыларға ерекше алғыс айтамын. Осындай шараға қатысып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, біз үшін үлкен мәртебе. Ойын өте қызықты болды. Бұрын көргендерімді есіме түсірдім, жаңа ақпараттар білдім", - дейді, Жақсыбаева Диана, Қазақстан-Американдық еркін университетінің студенті.

Этновикторина қорытындысы бойынша 4-орынды Төбе командасы, 3-орынды Уолл-стрит, 2-орынды Lab Optic, 1-орынды ҚАЕУ командасы иеленді.