Мемлекеттік тіл - ел мәртебесі

02-07-2021

Мемлекеттік тіл - ел мәртебесі

Тіл - қарым-қатынас негізі, адамның өмір жолында сүйемелдеуші бағдар, ойлар мен тәжірибелер, сезімдер мен тілектерді білдіруде «көмекші». Мемлекеттік тіл, өз кезегінде, ел мәртебесі, халық имиджі, сондықтан тіл білу маңызды рөл атқаратыны және елдегі қоғамның бірігу аспектілерінің бірі болып табылатыны сөзсіз.

Достық үйі - қоғамдық келісім орталығында тіл заңнамасының талаптарын түсіндіру мақсатымен кездесу өтті. Оған этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері және Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының басқа да белсенділері, сондай-ақ облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы қатысты.

ШҚО ішкі саясат басқармасының «Достық үйі - қоғамдық келісім орталығы» КММ басшысы Алмаз Болатұлы Нұрғалиев: «Біз қатысушыларға тіл заңнамасында қандай талаптар бекітілгендігін және біздің республикамыздың барлық азаматтары орындау үшін міндетті екендігін түсіндіру себебімен осындай іс-шара ұйымдастыруды ұйғардық», - деп атап өтті.

Күн тәртібінде Қазақстан Республикасының «Тіл туралы Заңының» 21-бабын талқылау мәселесі болды. Этномәдени бірлестіктердің мүшелері өз тәжірибелерімен бөлісіп, Қазақстанда қанша уақыт өмір сүргені және біздің елдің азаматы болу олардың тағдырына қалай әсер еткені жайында айтып берді.

Көптеген этностарда қарым-қатынас ортасының, яғни мемлекеттік тілде тілдесушінің болмауы қазірде өзекті мәселе болып отыр. Мәселенің шешімі ретінде Шығыс Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Толқын Берікбекқызы барлық тіл үйренушілерді облыстың қалалары мен аудандарының барлығында да жұмыс істейтін Тілдерді жаңғырту мектептеріне шақырды.

Кездесу барысында жиналғандар тіл туралы заңдарды талқылап, заңнамалық базаны жаңарту және оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы әңгімелесті.

Іс-шара соңында қазақ тілін дамыту және Достық үйі мен Тілдерді жаңғырту мектебінің ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған әдістері мен ұсыныстар әзірленді.