Қарауылда өткен ұлы той

14-08-2014

Қарауылда өткен ұлы той

Биыл Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында Абайдың 165 жылдық мерейтойына арналған үлкен іс-шара болып өтті. 6-7 қазан күндері Семей қаласында ақындар мүшайрасы және «Әнді сүйсең, менше сүй» ән байқауы болып өтсе, 8 қазанда Абай ауданының Қарауыл ауылында Ұлы ақынға ас беріліп, үлкен мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Осы аталған шараға Достық үйінің әкімшілігінің ұйымдастыруымен орыс, белорусс, неміс, армян, кәріс, шешен этномәдени бірлестіктерінің өкілдері барып қайтты. Бірлестік өкілдері жол бойындағы махаббаттың құрбаны болған қос ғашық «Еңлік-Кебек» кесенесіне ат басын тіреп оның тарихы жайында мәліметтер алды, одан соң Ұлы Абайдың туған жері Жидебайға жол тартты. Жидебайдағы Абай кесенесіне барып тағзым етіп, қазақтың біртуар данасының тарихи мұражайын аралап, мұражай гидінің сол кездегі ақынның өмірімен, тіршілігі жайындағы мәнді де, мағыналы әңгімесін тыңдап, өздерін рухани жағынан байытты деуге болады. Экскурсия барысында бірлестік өкілдері Абайдың қара сөздері жазылған кітаптарды, дискілерді естелік ретінде сатып алды. Бұдан соң Қарауылда ақша қардай тігілген ақ үйлерде, ұлы ақынға беріліп жатқан асқа қатысып, Қасқабұлақ ауылдық әкімі Асхат Амантайұлы Мұқатайдың қонақжай мол дастарқанынан дәм татты. Абай ауданының «Қаламқас» ән-би ансамблінің өнерін тамашалап, қазақ халқының ат жарысы «бәйгені» қызықтады. Бірлестік өкілдері қазақ қонақжайлығына ризалықтарын білдіріп, алғыстарын айтты. Қайтар жолда бірлестік өкілдері Бөрілі ауылындағы қазақтың біртуар тұлғасы Мұхтар Әуезовтың мұражайын аралап, жазушының өмір тарихымен жақынырақ танысты, өздерін рухани жағынан байытып, бұл сапардан үлкен әсермен қайтты.