«Қазақстан халқы бірлігі күні»

14-08-2014

«Қазақстан халқы бірлігі күні»

Біздің елімізде 1 мамыр күні Қазақстан халқы бірлігі күнін атап өтеді. Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан, бұл күні Республикамызда тұратын барлық халықтардың басын қосатын мерекелік шаралар өтеді. Мереке сағат 10-да, қаламыздың бас алаңында, «Мен – Қазақстан патриотымын» атты мерекелік шерумен басталды. Шеруді «Азия авто» зауытының автомобилдері мен байкерлер легі ашты. Одан әрі шеру Облыстық Достық үйі ұйымдастырған «Ұлттық әуен ырғағымен» атты этнокарнавалмен жалғасты. Этнокарнавал еліміздегі халықтардың тамаша айшықты билерімен ашылды, осы композициядан біздің елімізде достық пен ауызбіршілікте өмір сүріп жатқан барлық ұлттардың өкілдерін көруге болады. Бұдан әрі шеруді әдемі ұлттық киім киген этномәдени бірлестіктердің өкілдері жалғастырды. Түрлі-түсті шарлар, гүлдер, плакаттар ұстаған адамдардың бал-бұл жанған жүздерінен қуаныш пен бірліктің лебі сезіліп тұрды. Сонымен бірге шерудің көркін ашқан тұлпарға мінген батырлар, ертегі кейіпкерлері, айдаһар алаңға жиналған көрермендердің есінен көпке дейін кетпесі анық.Шеру аяқталған соң Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.М. Сапарбаев құттықтау сөз сөйледі. Ол қала тұрғындарына бірлік пен келісім, бейбітшілік тіледі.Мереке Облыстық Достық үйінің шығармашылық ұжымдары қатысқан тамаша концертпен жалғасты. Олар жалынды билерімен, әдемі әндерімен көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Еліміздің ең басты артықшылығының бірі, ол ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтау болып табылады. Қазақстан ұлтаралық келісімді, тұрақтылықты дамытуда әлемдегі өзге мемлекеттер үшін үлгі болып келеді. Біздің және өскелең ұрпақтың басты міндеті – осы әлемді сақтау және қорғау. Бұл үшін біз елімізде тұратын барлық халықтың тілін, мәдениетін құрметтеуіміз керек және бір-бірімізге сыйластықпен қарауымыз қажет. Облыстық Достық үйі