«Құрбан айт» - мейірімділік пен ізгіліктің мейрамы

13-08-2019

«Құрбан айт» - мейірімділік пен ізгіліктің мейрамы

Бүкіл мұсылман халқының қасиетті мейрамы - «Құрбан айтқа» орай «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» облыстағы ұлттар мен ұлыстардың басын қосып, ұлы мерекені ұлықтады.

Бұл мерекеде шариғат бойынша барша мұсылмандарға ортақ ғибадат – құрбандық шалынады. Құрбан айт күндерін мұсылмандар бір-бірінің үйіне барып мерекелейді. Сонымен қатар ауырып жатқан жандардың жағдайын сұрап, жетім-жесірге көмектесіп айттың қуанышын сездіріп, сауапты іс жасайды. Осы орайда, Достық үйі дәстүрге айналған жыл сайынғы қайырымдылық шарасын жалғастырды.

Шараға облыстағы этномәдени бірлестіктер, «Халифа Алтай» мешіті мен «Свято-Троицкий» шіркеуінің қызметкерлері және шақырылған қонақтар қатысты. Достық үйі ұжымы келген қонақтарға құрбандыққа сойылған етті тарту етіп, думанды мейрам жасады. Түрлі ұлт өкілдерінің басын қосқан бұл шарада әр ұлт өнерін көрсетіп, ізгі тілегін айтты. Жайылған ақ дастархан басында құран оқылып, ақсақалдар бата берді. Мерекеге жиналған көпбалалы отбасыларға азық-түлік базарлығы таратылды.

«Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» әр ұлттың айтулы мерекелерін кең ауқымда атап өтеді. Рождество Христово, Сабантой мерекелері Құрбан айт сияқты шығысқазақстандықтар арасында тең тойланып, үлкен мәнге ие. Этномәдени бірлестіктер бір-бірлерінің салт-дәстүрін сыйлап, бір шаңырақ астында тату-тәтті қызмет етеді.