Мектептегі медиация

15-09-2017

Мектептегі медиация

Ағымдағы жылдың 14 қыркүйегі күні Өскемен қалалық №6 орта мектебінде «Шаңырақ» медиация орталығының жетекшісі Абдрахманова Е.А. мектеп оқушыларының ата-аналарына медиация туралы, медиатордың қызметі жайлы түсіндіріп өтті. Кәсіби маман оқушылардың ата-аналарына шешілмей жатқан мәселені соттың көмегінсіз медиатордың қатысуымен қалай шешуге болатындығын, сонымен қатар Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының ресми сайтында виртуалды медиация кабинеті халық үшін қол жетімді жұмыс істеп тұрғандығы жайлы айтып өтті. Қатысқан ата-аналар арасында бірден медиатордың көмегіне жүгініп жатқандар да болды. Айта кетсек Медиацияны  білім  беру-тәрбиелеу  процесіне  ендірудің  маңызы  зор. Барлық   ынталы   тараптармен   ынтымақтаса   жұмыс жүргізіп отырған қазіргі заманғы мектеп балаға білім берумен қатар, оны толық жетілген тұлға ретінде тәриелеп шығаруды да алдына міндет етіп қойып отыр. Кез келген қауымдастық қызметі секілді мектепте де оқыту және тәрбиелеу процесіне байланысты бұл процеске қатысушылар арасында қайшылықтар туындап отырады. Ол қайшылықтар мүдделер мен мақсаттар қақтығысының көрінісі болып табылады. Ұзаққа созылған қайшылықтар білім беру процесі мен тұлға аралық өзара қарым-қатынастарға кері әсер етеді. Оның салдары теріс жағдайларға әкеліп соқтырады. Оқу-тәрбие процесіне зиянды ықпалын тигізеді. Медиацияны қолданысқа ендіру мәселесінің өзіндік бір ерекшелігі бар. Мұнда қайшылықты жағдайларды реттеу ісі тек кәсіпқой мамандарға ғана сеніп тапсырылады. Қазіргі сәтте білім беру  ұйымдары  бойынша  бұл  проблемамен  директордың  тәрбие  жұмыстары  жөніндегі орынбасары, сынып жетекшілерінен бастап, психолог, әлеуметтік педагог және кәмелетке толмағандар  ісі  жөніндегі  бөлім  инспекторына  дейін  әр  түрлі  адамдар  шұғылданады. Бұлардың конфликтология туралы ілімнен белгілі бір дәрежеде хабары бар екені анық. Әрине,  проблемалық  жәйттер  шешіліп  те  жатыр.  Бірақ,  олардың  реттеуінде  екі  жақты мүдделер бірдей есепке алына қоймайды. Медиация процесі қайшылықты жағдайға түскен тараптардың өзара келісімге қол жеткізуін бағдар тұтады.