«Нұр Отан» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының жанынан «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын» ашты.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмысы зейнет жасындағы адамдардың өмірін оңтайландырады, олардың зияткерлік және физикалық белсенділігін ынталандырады және шығармашылық қабілеттерін дамытады.
Орталықтың басты мақсаты бос уақытты пайдалы және жағымды өткізуге, әртүрлі мәдени және білім беру қажеттіліктеріне жауап беру, сондай-ақ жаңа мүдделерді ояту, жаңа достық қарым-қатынастарды орнату болып табылады.
Зейнет жасындағы адамдар Орталықта кез келген уақытта бас қосып, пікір алмасып, заңгер, психолог, дәрігерлерден өздерін мазалаған сұрақтарына жауап ала алады.
- Тәуелсіз еліміздің өркендеп-дамуына үлес қосқан әр саланың ардагерлері үшін Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында ашылып отырған бұл Орталыққа келушілердің саны көп болады деп сенемін. Сондықтан да, дүu001fниетанымы терең ардақты аға-апаларымыз бен жас ұрпақ арасында байланыс орнап, қарияларымызға деген қамқорлығымызды арттыруға, олардың өмір сапасын жоғарылата түсуге бағытталып, арнайы ашылған «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ізгі бастама деп білемін, - деді «Атамұра» вокалдық ансамбілінің жетекшісі Садуақасов Ерболат
Шара ұйымдастырушыларының айтуынша алдағы уақытта бұл орталыққа келуші қарттар үшін «Возрождение» ардагерлер хоры, «Ата мұра» вокалды ансамблі, «Ақ ниет» вокалдық ансамблі, «Ровесник» ансамбілдері жұмыс істейді. Көркем сөздерді сүйетіндер үшін «Жемчуга» әдеби-көркемдік клубы жұмыс істейді. «Сіздің денсаулығыңыз» клубында келушілер салауатты өмір салтына қатысты сұрақтарына жауап ала алады, мамандардың дәрістерін тыңдайды. «Белая сова» шығармашылық бірлестігінің қолөнершілері әртүрлі қолөнер бұйымдарын жасауды қалайтын адамдар үшін мастер-класстар жүргізеді. Медиация бөлімінде келушілер медиатордан, заңгерден, психологтан сарапшылық кеңес ала алады. Фотосурет өнерін ұнататындар үшін «Кристалл» фотоклубы бар. Физикалық тұрғыдан белсенді болғысы келетіндер үшін, «Ветеран» клубы жұмыс істейді, онда келушілер би мен жаттығу залына қатыса отырып нұсқаушымен бірге емдік-сауықтыру жаттығулар жиынтығын таңдай алады.
Сондай-ақ, зейнет жасындағы адамдар белгілі бір күндері Өскемен қаласындағы Ольга Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика орталығына, спорттық-сауықтыру кешенінің орталық бассейніне тегін бара алады.
Шахмат сүйер қауымды шахматшылар клубында қызықты ойындар күтуде. Мемлекеттік тілді үйренгісі келетіндер үшін Өскемен қаласы әкімдігінің «Шығыс Қазақстан халықтарының тілдері мен мәдениетін жаңғырту мектебі» жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары» Өскемен, Алтай қалаларында ашылып, Семей, Риддер қалалары мен Глубокое және Шемонаиха аудандарында ашу жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында 300-ден астам адам өз қызығушылықтары бойынша клубтарға тартылған. «Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары» ашылуымен адамдардың саны күн сайын арта түседі. Бір сөзбен айтқанда қарт адамдар үшін белсенді өмір салтын сақтауға барлық қажетті жағдайлар жасалған дейді Орталық қызметкерлері.