Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында Наурыз мейрамы кең көлемде тойланды

22-03-2019

Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында Наурыз мейрамы кең көлемде тойланды

Наурыз – бабаларымыздан мұра боп қалған мейрам, бұл күні табиғаттың өзі жанданып, тіршілік түлейді, адамдардың жүректері мейірім мен жылылыққа толады. Бүгін барлық қазақстандықтар ұлтына, дініне қарамастан, Наурыз мейрамын тойлайды. Бұрыннан шығыс күнтізбесі бойынша Наурыз Жаңа жылдың басталғандығын білдіреді және көктемгі күн мен түннің теңесуімен дәл келеді. Халқымыздың тұрмысында, әдет-ғұрпында ерекше орын алатын, ертеден – ақ мерекеленіп келе жатқан мейрамның бірі болып табылады. Наурыз — «Жаңа ұғым» деген мағынаны білдіретін, парсы сөзі. Қардың еріп, көктің шыға бастайтын бұл кезді жұртшылық қуана қарсы алады. Мал төлдеп, шаруаның арқасы кеңіп, бала-шағаның, жалпы үлкен мен кішінің аузы аққа тиіп, бәрі зор қуанышқа ие болады. Сондықтан да бұл күн «Ұлыстың ұлы күні» деп аталған. Наурызда туған-туыс, дос-жаран бас қосып береке-бірлік, ынтымақ-жарастық тілеседі. Өкпе-наздарын кешіреді. Өйткені, бұл мейрам ақтың молаятын, күннің ұзаратын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңитін кезеңнің бастамасы. 
22 наурыз күні Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында Ұлыстың ұлы күні кең көлемде тойланды. Достық үйінің алдына 3 киіз үй тігіліп, алтыбақандар орнатылды, мерекеге жиналған халыққа бауырсақ пен наурыз көже тегін таратылды. 
Көп ұлты бір шаңырақ астына тоғыстырған Достық үйінің этномәдени бірлестік өкілдері мерекеге жиналған қала тұрғындары мен қонақтарына өнерлерін паш етіп, жұртшылыққа мерекелік дастархан жайды. 
Наурыз мерекесіне ШҚО әкімінің орынбасары Нүсіпова Әсем Бекқызы да қатысты. 
Мерекелік іс-шара барысында арқан тарту, гір көтеру, қол күрес, шахмат, қой көтеру секілді ұлттық спорт ойындарынан жарыс ұйымдастырылып жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар таратылды. 
Іс-шараның қатысушыларына бауырсақтар композициясы да өте ұнады. Ұйымдастырушылардың айтуынша осы композицияны жасау үшін 1000 баурсақ пісірілді. 
- Осындай торт сияқты жасалған бауырсақтар композициясын бірінші рет көріп тұрмын, дәмі де көңілімнен шықты, - деді қала тұрғыны. 
Қала тұрғындары мен қонақтарының көңілі күлімдеген көктемдей көтеріңкі болды.