14-08-2014
Нәубат жылдар жадымызда
Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Саяси қуғын –сүргін құрбандарын жаппай ақтау туралы» 5 сәуір 1997 жылғы Жарлығы нәубат жылдары жазықсыз жапа шегіп, құрбан болған аға ұрпақ өкілдерін еске алып, олардың есімін құрметтеуге құқықтық толық негіз береді. Өткен ақтаңдақ жылдардың саяси астарын негіздеген осы мемлекеттік заң күшіндегі құжат қабылданған уақыттан бастап, 31 мамыр «Саяси қуғын - сүргін құрбандарын еске алу күні» ретінде жыл сайын атап өтіліп келеді.
Облыстық Достық үйінде «Алтын арқау» қоғамдық бірлестігінің директоры. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Сағынбек Ақановтың басшылық жасап, жүргізуімен «Нәубат жылдар жадымызда» тақырыптық шара болып өтті. Жиынға қатысушылар алдында Қазақстан халқы Ассамблеясы ШҚО филиалы хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Мұқатайұлы Аязбаев сөз сөйлеп бастады. Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғалымдары Танковскоя Галина Ивановна, Ниязханқызы Гүлжанат, Ахметова Гауһар Токтарбекқызы қатысып, дәріс оқыды. Шығыс Қазақстан облысының өткен ғасыр ішіндегі халықты жаппай қуғын-сүргінге ұшыратқан нәубат жылдар халықтың жадынан шыға қойған жоқ. Жазықсыз құрбан болған адамдар ұрпағы өткен өмірдегі ақтаңдақ жылдарға саяси баға беріліп, ата-аналар есімінің халық жадында мәңгілік сақталуын қалайды.Өткен ғасырдың ақтаңдақ тарихының азалы парақтарының бірі – 31 Мамыр саяси қуғын – сүргін құрбандарын Еске алу күніне байланысты жиынға облыстық Достық үйінің этномәдени орталықтарының жетекшілері қатысып, естеліктер айтты. Шешен ұлты этномәдени орталығының жетекшісі Кагерманова Татьяна Абдуловнаның шараға қатысушыларға баяндаған оқиғалар, ұлтты жойып жіберуді мақсат еткен тоталитарлық режимнің ХХ ғасырдағы жантүршігерлік саясаты болғандығын ашып айтты.Өткен ғасырдың 30-шы жылдары қазақ жеріне 62 ұлттар мен ұлыстардың өкілдері күштеп қоныс аударған екен. Қазақ халқы осыншама этнос өкілдерінің ұрпақтарын баурына басып, аман алып қалған құшағы кең ел деп риазалық білдірген көп болды. Тақырыптық шарада сөз алған саясаттанушы Ғаббас Құмаров, Қансабек Құдайбергенов, Нұрғабыл Хайруллин жаппай саяси қуғын сүргіннен жапа шеккен адамдардың ұрпақ тағдыры, 1932-1933 жылғы ашаршылық туралы бүкпесіз әңгіме етті.Өскемен қаласының тұрғыны Штейн Екатерина Георгиевна ешқандай ұлт тағдырын таңдамаған, діні мен тіліне қарамастан жазықсыз жапа шеккен миллиондар тағдырына арналған облыс орталығында Ескерткіштің жоқтығын, көзіне жас ала отырып жеткізді. «Мен неміс халқының тағдыр тауқіметін көрген өкілімін. Осы атаулы күні репрессиядан көз жұмған ата-анам мен туыстарыма арнап бір шоқ гүл қойсам, менің ұрпақтық қарызым өтелгендей сезінуші едім. Қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік билік неге шарасыз» - деп сұрақты тура қойды.Бұл ұсыныс Қазақстан Республикасы Ассамблея мүшесі Шик Лео Богдановичтің тарапынан қолдау тапты. Ол «Нәубат жылдар жадымызда» тақырыптық шараға қатысушыларды Шығыс Қазақстан облысының барлық жұртшылығы мен облыстың, аудандардың азаматтық қоғам институттары өкілдерін, мемлекеттік билік құрылымдарын «Баянды болашақ жолындағы естелік» тақырыбымен шаралар өткізуге шақырды.Қатысушы ғалымдар, облыс орталығы азаматтық қоғам институтарының өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері өңірімізде орын алған саяси қуғын-сүргін жылдарының тарихи тауқіметі әлі де зерттелуі керек деп есептейді. Осы бағытта ғылыми практикалық конференциялар, «дөңгелек үстел» отырыстары мен жазықсыз жапа шеккен құрбандар ұрпақтарымен кездесулер өткізу, бұқаралық ақпараттық құралдардың жарияланымдары, кітаптар, жаршылық басылымдар шығару шаралары кеңінен ұйымдастырылуы тиіс деп ой түйіндеді.Қазақстан тәуелсіздігінің баянды болашағы жолындағы асқаралы ісімізде жаппай саяси-қуғын сүргін құрбандарының есімі ұмыт қалуға тиіс емес. Жазықсыз жапа шеккен аға ұрпақтың есімдерін мәңгілік өңір тарихында қалтыру үшін Өскемен қаласында саяси қуғын-сүргін құрабандарына арнап Ескерткіш орнатуды ұсынды. Алаш қозғалысының тарихи орталығы болған Семей қаласында мемлекет құрушы ұлттың тәуелсіздігі жолында құрбан болған «Алаш арыстарына» арналған мемориалды кесене ашу жөнінде Үндеу қабылдады.
Айбарша Жұмәділова,Шығыс Қазақстан облыстық Достық үйі әдіскерлік бөлімінің меңгерушісі