Жаңа айдар – ЭтноHistory! Лео Богданович Шик

21-01-2025

Жаңа айдар – ЭтноHistory! Лео Богданович Шик

Лео Богданович Шик – Қазақстан халқының бірлігі мен мәдени әртүрлілігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан қайраткер. Ол 1934 жылдың 30 сәуірінде дүниеге келіп, 2023 жылдың 3 қарашасында дүниеден өтті. Өзінің саналы ғұмырын педагогика, мәдениет және этносаралық келісімді дамыту ісіне арнаған тұлға ретінде ел есінде қалды.

Лео Богданович Қазақстандағы алғашқы облыстық Достық үйін құрудың бастамашысы болды. Бұл мекеме Шығыс Қазақстанда этностар арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайтудың маңызды орталығына айналды. Оның идеясы – әртүрлі этностардың мәдениетін сақтау, дамыту және таныстыру арқылы халықтар арасындағы өзара түсіністікті арттыру болды.

Лео Богдановичтің жетекшілігімен ашылған Ұлттық тілдер мен мәдениетті жаңғырту мектебі – Қазақстанның этностық әртүрлілігін сақтау ісіне қосылған бірегей үлес болды. Бұл мектеп түрлі этностық топтардың ана тілін оқытуға және ұлттық мәдениетін жандандыруға бағытталды.
Ол ҚХА Шығыс Қазақстан облыстық филиалында ұзақ жылдар қызмет етті. Ол Ассамблея хатшылығын басқарып, Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы және құрметті мүшесі болды. Оның бастамалары этносаралық қарым-қатынасты жетілдіруге және қоғамдық келісімді нығайтуға ықпал етті.
Лео Богдановичтің еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, көптеген марапаттарға ие болды:

  • Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасы;
  • «Достық» ордені ІІ дәрежесі – бейбітшілік пен этносаралық келісімді нығайтудағы ерен еңбегі үшін;
  • Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алтын медалі»; 
  • «Өскемен қаласының құрметті азаматы» атағы;
  • Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерейтойлық медаль;
  • Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған медаль;
  • Ассамблеяның «Алғыс» төсбелгісі.

Лео Богданович Шик – Қазақстандағы этносаралық келісімнің дамуына үлес қосқан тұлға. Оның еңбегі мәдени алуан түрлілікті сақтау мен оны болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталды. Ол елдің рухани мұрасын байытуға және халықтар достығын нығайтуға өмірін арнады.