07-12-2021
Қазақстан – көп диаспоралы ел. Байтақ жерімізді мекен еткен этностар бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті, береке-бірлікте ғұмыр кешіп келеді.
Өскемендегі Достық үйі-Қоғамдық келісім орталығында қоғамдық келісім мен жалпы ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттау мақсатында республикалық лекторий өтті.
Маңызды тақырыпты өзек еткен шараға қалалық және аудандық Достық үйлерінің директорлары, қоғам қайраткерлері, этно мәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. «Бұл диалог алаңының мақсаты – ұлттық бірегейлікті ұлықтау, этносаралық татулықты нығайту» дейді басқосуды ұйымдастырушылар.
Алқалы жиында Парламент Сенатының депутаты Ольга Булавкина, Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева, «Отандастар» қоры» ҰАҚ қолдау департаментінің басқарушы директоры Гүлмира Нұрбаева, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің этникалық қатынастарды дамыту комитетінің жергілікті жұмыстар басқармасының басшысы Батыржан Жәрке, Қазақстан Халқы Ассамблеясы медиация кеңесінің төрағасы Наринэ Микаелян, қалалық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аян Қалымбек өз ойларын ортаға салды.
Алғаш болып сөз алған Парламент Сенатының депутаты Ольга Булавкина: «Тұрғындардың көңіл-күйі мен хал-ахуалына дер кезінде көңіл бөлу, түсіну, қолдау әрі ішкі және сыртқы процестерге уақытында назар аудару мемлекеттің саясаттың басым бағыты болуы тиіс» деп өз пікірін білдірді.
Кездесуде сонымен қатар «Этно мәдени бірлестіктердің өңірлердегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтудағы рөлі», «Этносаралық кикілжіңдерде этномедиацияны қолдану», «Этносаралық келісімді нығайту үрдісіне азаматтық қоғам институтын тарту» секілді өзекті тақырыптар тілге тиек етілді.
Шара соңында қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді.