28-04-2019
28 –ші сәуір күні Достық үйі-Қоғамдық келісім орталығында Песах мейрамы тойланды. Песах мерекесі еврейлердің Мысырдан кетуіне, перғауындардың құлдығынан босанып шығу құрметіне арналған. Шараға еврей этномәдени бірлестігінің өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Песах мерекесі жайлы толық айтып өтер болсақ. Песах мейрамына әзірлік жұмыстары «хамец» затын жоюмен басталады. Хамец дегеніміз – ұнды сумен араластырып ашытып жасалған кез-келген ас түрі. Яғни, ыдыстарды сол тамақ қалдықтарынан тазарту. Ол үшін барлық ыдысты суға қайнатады. Осылайша «хамец» жойылады. Жаңа ыдыс-аяқ та сатып алады.
Одан кейін маца пісіреді. Маца – ашытылмаған қамырдан пісірілген күлше. Мацаны Песах күндерінде жейді. Песах мейрамының да басты ерекшелігі осы, бұл күндері ашытылған ас түрін пайдалануға тыйым салынады. Айта кетерлік бір ерекшелігі мацаны жыл бойына сақтауға болады.
Песах мейрамының басты оқиғасы – Седер кешін тойлау. Седер кешіне арнайы пасха асы әзірленеді. Пасха асы арнайы тәртіппен рет-ретімен орналастырылған бірнеше азық түрлерінен құралады. Песах асы әзірленген соң, жасөспірімдер ересектер алдында осы пасха асының құрамын таныс-тырып, әрқайсысының маңызын айтып берді. Песха асы маца күлшесімен қатар желінеді. Сусын ретінде шарап пен жеміс шырыны қойылады. Седер кешінде барлығы пасха асымен тамақтанады. Бүгінгі шараға қатысушыларға да дәстүр бойынша маца- күлшесі тарадылды.