21-05-2021
Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейтін қазақ, ағаш отырғызу ісіне аса мән берген. Жер тоңы жібіп, көк дүркіреп шыға бастаған кезде, шыбық қадап, тал отырғызу - сауапты іс болып табылады.
Осы негізде Катонқарағай ауданының Достық үйінің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының, «Аманат» жастар клубының және Катонқарағай ауданының Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Достық аллеясы» атты акция өткізілді. Шараның басты мақсаты- табиғатты аялауға шақыру, сондай-ақ, елді мекендер айналасын бірлесіп көгалдандыру болып табылады.
Қазақстан Республикасының 30 жылдық мерейтойы қарсаңында ағаш отырғызып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бірі күрегін алып, ағаш отырғызса, енді бірі шелегін алып, су құйып қайнаған тіршіліктің үлгісін көрсетті.
- Бүгінгі ауданымыздың көркеюіне аз да болса, үлесімізді қостық. Жас ұрпақтың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында осы акцияны қолдап, өткізіп отырмыз. Дана қазақ халқында: «Бабалар еккен шынарды балалар саялайды», «Дарақ бір жерде көгереді», «Миуалы ағашқа бәрі де қарайды» сынды аталы сөз қалған. Олай болса, болашақта осындай игі шаралар алдағы уақытта жалғасын табады деген сенімдеміз, - деп қатысушылардың бірі өз ойымен бөлісті.