Сұлулық мерекесі

12-04-2022

Сұлулық мерекесі

7 сәуір - Арменияде ерекше күн. Армян халқы аналар күні мен сұлулық мерекесін атап өтеді. Бүкіл әлемде жылына бір рет – 8 наурызда аналарды құттықтау әдетке айналса, Арменияда осы күннен бөлек 7 сәуір де аналар мен сұлулық күні болып саналады. Жергілікті тұрғындар әзілге бұрып 8 наурыздан 7 сәуірге дейінгі кезеңді әйелдер айы деп атайды. 

Армениядағы нәзік жандар осылайша ер адамдардың ерекше назары мен қамқорлығына бір-екі күн емес, жылына бір ай бойы бөлене алады. Бұл мерекеде балалар аналарын, әжелері мен қарындастарын, ал ер адамдар жұбайлары мен қалыңдықтарын құттықтайды.Түрлі сыйлықтар тарту етіп, өз өнерлерін көрсетеді. Бұл күні бүкіл ел бойынша мерекелік іс-шаралар өтеді: балалар концерттер мен қойылымдар қояды. 

«Достық Үйі-Қоғамдық келісім орталығында» да бұл мереке атап өтілді. Аналарға арналған іс-шарада этномәдени бірлестіктер атынан мерекелік бағдарлама ұсынылды. Жиналған қонақтар сәбилердің аналарға арнаған жылы лебіздерін тыңдады. Іс-шара соңында барлық әйелдер қауымына гүл шоқтары табысталды. 

"Осындай керемет мерекелік концертті ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін. Бізге сыйлаған керемет эмоцияларыңыз үшін рахмет. Мұндай іс-шараға қатысқаныма қуаныштымын. Барлық нәзік жандарды - аналарымызды, қыздарымызды, әжелерімізді, әріптестерімізді тамаша мерекемен құттықтаймын. Баршаңызға жақсылық, денсаулық, бақыт және сәттілік тілеймін!" деп өз әсерімен бөлісті іс-шара қонағы.