Мерекелік концерт

28-12-2021

Мерекелік концерт

Әрбір жыл мезгілі ғажайып ерекшеліктерге ие. Әр маусымның өзіне тән қызығы мен сейіл-серуені бар. Соның ішінде әсіресе қыс мезгілі кіршіксіз аппақ қарымен, қаһарлы мінезімен, сықырлаған аязымен, буырқанған боранымен өзгеше. Осындай күндердің бірінде Достық үйі -қоғамдық келісім орталығында Сібір казактарының «На Николу зимнего» атты мерекелік концерті өткізілді.

«Ерекше атап өтерлігі, фестиваль еліміз үшін мерейлі дата Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен орайластырыла Шығыс Қазақстан жерінде осымен 15-інші рет ұйымдастырылып отыр. Сібір казактарының дәстүрлі мерекесі бесінші мәрте «На Николу зимнего» атауымен өтті» дейді ұйымдастырушылар.

Бұл жолы дәстүрлі мереке ауқымын ұлғайтып, облыстық деңгейден аймақ аралық деңгейге көтерілді. Мәдени шараға Шығыс Қазақстан облысынан бөлек Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының қалаларынан, сондай-ақ Ресей Федерациясының Алтай өлкесінен ұжымдар қатысып, бар өнерлерін ортаға салды.

Концерттік бағдарлама казак мәдениетінің, салт-дәстүрлерінің тереңде екендігін көрсетті, рух күші мен бостандыққа деген сүйіспеншілікті паш етті. Тіпті ең жас қатысушылар да өз өнерлерін көрермен назарына ұсынды. Олардың барлығын қызықты шығармашылық нөмірлер мен халық әндерінің әуезді мотивтерін ұлттық нақышта көрсетуге деген ұмтылыс біріктірді.

Әсіресе "Товарки" және "Чалдонцы" фольклорлық ансамбльдерінің орындауындағы казактардың үйлену рәсімі өзінің сұлулығымен, сән-салтанатымен таңқалдырды. Фестиваль аясында жылы сөздер айтылып, әртүрлі сыйлықтар мен марапаттар тапсырылды.

Іс-шара соңында казак әндері шырқалып, билері биленіп, Сібір казактарының мерекесіне орай құттықтаулар жолданды.