03-03-2022
Әлем халықтарында көктемнің келуімен көптеген мейрамдар тойланады. Осы орайда Достық үйінде армян халқының «Терендез» мерекесі атап өтілді.
Мерекенің басты ерекшелігі ғашықтардың секіруіне арнап жағылатын алау болып табылады. Егер ғашықтар қолдарын ажыратпай алаудан секіре алса, олардың отбасы берік, махаббаттары мәңгі болады деген ырым бар.
Іс-шараның қатысушылары, шақырылған қонақтар, Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы этномәдени бірлестіктерінің өкілдері ұлттық армян ас үйінің тағамдарынан дәм татып, жас әртістердің керемет концерттік нөмірлерін тамашалады.
Дастархан басына армян халқының ұлттық тағамдары гата, похиндс, халва, аханц қойылып, жиналған қонақтарға олардың жасалу жолымен тағамның шығу тарихы таныстырылды.
«Терендез мейрамы – біз үшін ынтымағы жарасқан бірлік пен татулықтың мерекесі. Халқымыздың терең тарихынан сыр шертетін бұл мейрам салт-дәстүрімізді жаңғыртып, өткеніміз бен бүгінімізді сабақтастыруда маңызы зор», - дейді армян этномәдени бірлестігінің өкілі Сона Саакян.