21-02-2022
Рождество Христово мерекесі православ сеніміндегі христиандардың басты мейрамдарының бірі саналады.
Өткен сенбіде Достық үйі - қоғамдық келісім орталығында шаһардағы барша христиандар Рождество мерекесін тойлады.
«Қаңтар айындағы жағдайларға байланысты жыл сайын тойланатын Рождество мейрамын шегеруге тура келді. Одан кейін облысымыз қызыл аймаққа кіріп, мереке уақытын тағы да кейінге қалдырылды. Енді мейрамның уақыты ақпанның соңына келіп, бүгін тойлатып жатырмыз. Дәстүрлерімізді, құндылықтарымызды танытатын бұл мерекенің біз үшін әрқашанда маңызы зор» деп өз ойымен бөлісті Славян этно мәдени орталығының төрағасы Александр Андреевич Яковлев.
«Рождество мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Мың бұралған бишілер мен әсем дауысты әншілердің өнерлері барлығымыздың көңілімізден шықты. Ұйымдастырушылар мен өнерпаздарға айтар алғысымыз шексіз» дейді шараны тамашалаған көрермендерінің бірі.
Рождество православтар үшін тек діни ғана емес, әлеуметтік сипатқа да ие. Олар бұл күнді қайырымдылық пен мейірімділіктің, бейбітшілік пен толеранттылық мерекесі деп таниды. Барлық ізгілік пен мейірімділік осы күннен бастау алады деп сенеді.