19-07-2018
Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы бастамашы болған «Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» республикалық тарихи-экологиялық жобасы Шығыс Қазақстан облысында жалғасуда.
2018 жылдың 17 шілдесі күні Семей қаласында орналасқан облыстық тарихи–өлкетану мұражайында «Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» республикалық тарихи-экологиялық жобасы аясында «Ұлы дала елі» тарихи-мәдени экспедициясы атты кітабын Павлодар облысы ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар штабының төрайымы Паули Элина Шығыс Қазақстан облысы ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар штабының төрағасы Юнусов Равильге салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Аталмыш жоба аясында ШҚО ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар штабының мүшелері «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында болып, бабалар рухына дұға етті. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы еліміздегі республикалық қорық-мұражайлардың ішінде өзінің тарихи тұлғаларға арналғандығымен ерекшеленеді.
Сондай-ақ, экспедиция мүшелері Семей қаласында орналасқан «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» атындағы мұражайды аралап танысты. Аталған қорық-мұражайдың тарихына келер болсақ, Хәкім Абай кезінде осы үйді жерлесі әрі шәкірті, Алаш қозғалысына белсене қатысушылардың бірі Әнияр Молдабаевқа сатып алуға көмек берген. Сонымен бірге, Абай өзі Семейге келген сапарларында осы үйге аялдайтын болған. Әнияр Молдабаевтың үйінде ұлы ақынның балалары мен туыстары, Көкбай Жанатайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлы, Алаш қайраткерлерінің де жиі болғаны белгілі. Бұл үйде Ахмет Байтұрсынұлы әйелі Бадрисафамен тұрған. Сонымен қатар, ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов өзінің мекенжайы ретінде осы үйді құжатта көрсеткен.
Акция «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру бағдарламасы» аясында өтуде. Бұл акция республикадан бастау алып, облыстарда жалғасуда. Акцияның мақсаты – ортақ мәдени және рухани құндылықтарды тану арқылы патриотизмді нығайту, отансүйгіштік сезімді қалыптастыру.
Осы киелі орындарды аралап, тарихымен танысып, жақсы әсер алған акция мүшелері облысымыздың киелі мекендері Аягөз ауданы Таңсық ауылына таяу, Аягөз өзенінің оң жағалауында орналасқан Қозы Көрпеш – Баян Сұлу кесенесін, Өскемен қаласынан 30 шақырым жерде орналасқан «Ақбауыр» - астрономиялық, археологиялық кешенін және тағы басқа да киелі мекендерді аралауды жалғастыруда.