03-06-2022
Семей қаласының Достық үйі жастарды мәдени-білім кеңістігіне тарта отырып, шынайы азаматтық, патриоттық сезімді тәрбиелеумен жүйелі жұмыс жүргізеді. Осы мақсатта биылғы жылы Қазақстан Республикасындағы Балалар жылына арналған іс-шаралар легі өткізілуде.
1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Достық үйі» жанындағы алаңға кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының, Кафедралды собордың, жексенбілік мектебінің және «Отбасы» орталығының балалары, этномәдени орталықтардың белсенділері жиналды.
«Қарқынды даму және бақытты балалық шақ атмосферасын құру - біздің басты міндетіміз», - дейді мерекені ұйымдастырушылар.
Балаларға арналған мерекені өткізуге орыс орталығы,«Возрождение» неміс орталығының «Глюк» неміс жастар клубы және казак этномәдени орталығы бірігіп, этномәдени бірлестіктердің белсенділері де ат салысты.
Мереке жүргізушілері Серікова Ядвига, Горбачева Мария шараның көркін ашты. Оның ішінде флешмоб, «Бақытты балалық шақ» тілек шыршасы, «Бақыт, ашық аспан, достық - балалардың төл мейрамы» асфальтқа сурет салу байқауы ұйымдастырылды.
Мерекенің тағы бір ерекшелігі «Эйнгейт» ән-би ансамблі мен «Юна» продюсерлік орталығының өнер көрсетуі болды. Сондай-ақ, балалар би батлында жарысқа түсті. Мереке викторинасыз өткен жоқ, онда тек білімді ғана емес, сонымен қатар тапқырлықты да көрсетуге тура келді.
Сиқырлы мереке аяқталып, өз мәресіне жетті. Бірақ балалық шақтың мерекесі әрқашан жалғасады. Балалардың балалық шақтары шын жүректен шаттыққа толы болсын!