Аналар кеңесінің отырысы

14-04-2022

Аналар кеңесінің отырысы

«Достық үйі-Қоғамдық келісім» орталығында аналар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Мұндай іс-шаралар дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Өйткені, отбасылық құндылықтар - өркениетті қоғамның қалыптасуының негізі.

Жиынға ШҚО Аналар кеңесінің төрайымы, «Үміт» балалар үйі» КММ меңгерушісі, ҚХА мүшесі  Мәрия Баймұқанқызы Бейсеқанова, «Ақ босаға» вокалдық ансамблінің жетекшісі Нұрсағила Серікбайқызы Шәмшиева, «Душа добра» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті, Өскемен қаласы әкімінің мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі кеңесшісі Ирина Владиславовна Ляховская, «International» ұйымының негізін қалаушы әрі директоры Ольга Петровна Иванова қатысты.

Отырыс барысында отбасы институтын қолдау, дәстүрлі отбасы құндылықтарын сақтау, «Бақытты ана – бақытты бала», «Ел азаматын өсірген отбасы», «Елді тәрбиелеу», «Жақсылыққа жол нұсқаушылар» сынды тақырыптардағы өзекті мәселелер талқыланды. 

Жиналғандар отбасы институтын нығайту, отбасындағы патриоттық тәрбие, жас және көп балалы аналарға жан-жақты қолдау көрсету, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоғамда әлеуметтендіруге қатысты мәселелерді тілге тиек етті. 

Шара соңында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» тұжырымдамасы талқыланып, алдағы жоспарлар сөз болып, ұсыныс-пікірлер айтылды.