Жасөспірімдер арасындағы жанжалдарды шешудің жолдары түсіндірілді

21-04-2022

Жасөспірімдер арасындағы жанжалдарды шешудің жолдары түсіндірілді

2022 жылы 20 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасының «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы» КММ  кәсіби медиаторлармен бірлесіп, жастар арасында «Мектеп медиациясы жасөспірімдер ортасында жанжалдарды шешу технологиясы ретінде» атты сайыс өткізді.

Сайыстың негізгі мақсаты – жастардың әр түрлі даулы жағдайларда конструктивті  мінез-құлық мәдениетін тәрбиелеуге ықпал ету арқылы қауіпсіз ортаны қалыптастыру; жастар арасында жанжалдарды шешу және алдын алу кезінде медиативтік тәсілдің, артықшылықтарын түсіндіруге бағытталған ағарту жұмыстарын жүргізу.

Конкурс  4 кезең бойынша өткізілді. Бірінші кезеңде командалар атауын және эмблемасын таныстырды. Екінші кезеңде викторина, яғни қатысушылар «Медиация», «Дауларды реттеудің баламалы тәсілдері», «Жанжал ұғымы», «Билер соты», «Медиация Қазақстан халқы Ассамблеясының бөлігі ретінде» сияқты бағыттағы жүргізуші медиатордың сұрақтарына жауап берді. Үшінші кезеңде оқушылар дайындаған слайд-презентацияларды қорғап шықты. Соңғы төртінші кезеңде оқушылар «Медиатор – келіссөздер шебері» тақырыбына сурет салды.

Қатысушылар арасында жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары, медиация орталықтарының кәсіби медиаторлары болды. Байқауға медиаторлар арасынан іріктелген қазылар алқасы өз бағаларын берді. Байқау кезінде жинаған балдар негізінде сайыстың жеңімпаз командасы анықталды. Қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар табысталды.

«Шараның қатысушысы болғаныма қуаныштымын. Кәсіби мамандардан көп ақыл-кеңес алып, медиация тақырыбында пайдалы ақпараттармен таныстым. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», - деп өз ойымен бөлісті шара қатысушысы.