18-02-2018
Ағымдағы жылдың 15 ақпаны күні Өскемен қалалық №1, №3, №2, №4 мектептерінің оқушылары Достық үйі - қоғамдық келісім орталығы этномәдени бірлестіктерінің кабинеттерін аралап, ШҚО ҚХА мұражайындағы құнды жәдігерлерімен танысты.
Экскурсия барысында Достық үйі - қоғамдық келісім орталығының қызметкері Назерке Қайролданова Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің жұмысы туралы айтып өтті. «Қазақстан – көп ұлтты бір шаңырақ астына тоғыстырған мемлекет. Бүгінде Ассамблея қарқынды дамып келеді. Оның дамуы мен өсуі барысында Елбасының этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Ассамблея қазақстандықтарды бірлік пен татулыққа достық пен татулыққа шақырады»,- деді Н. Қайролданова жиналған оқушыларға. Экскурсияға барлығы 90-ға жуық оқушы мен олардың ұстаздары қатысты. Ризашылығы мен алғысын білдірген ата–аналар: «Өскемен қаласында неше жыл тұрсақ та, мұндай мұражайға алғаш келуіміз. Енді үнемі келіп тұратын боламыз», – деп ықылас, ниеттерін білдірді. Тағы бір қуантарлық жәйт, оқушылардың ішінде ұлттық киімге ден қойған жастар да болды. Бұл жастардың өзге ұлт мәдениеті мен әдебиетіне, салты мен дәстүріне деген қызығушылығы артып келеді дегенді білдіреді. Этномәдени бірлестіктердің құнды жәдігерлерімен қоса тың дүниелерімен танысқан оқушылар іс-шара соңында естелікке суретке түсті.