06-09-2022
Соңғы күндері Қостанай облысы орман өрттерінен қатты зардап шеккені белгілі болды. 4 қыркүйектен бастап өңірде жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі енгізілді. Өрт аумағы 43 мың гектардан асты.
Қазіргі уақытта өрттің себептері белгісіз. Дегенмен, құтқарушылар өрттің отқа абайсыз қарау немесе қасақана өртеу салдарынан болғанын жоққа шығармайды. Қазақстанның Бас прокуратурасы тергеу жұмыстарын бастады.
Қайғылы оқиға орнына келген ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті билікке зардап шеккен азаматтарға төлемдер мен өтемақы төлеуді тапсырды.
Сонымен қатар, «Қайырымдылық KZ» бірыңғай қоғамдық қоры өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетуге бел буды. Әрбір жан қаржылай көмек көрсете алады.
Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жерлестерге қолдау көрсетуде.
«Достық үйі-қоғамдық келісім орталығы» да шет қалмады. Мекеме қызметкерлері бір күндік жалақыларын қайғылы оқиғадан зардап шеккен отандастырымызға көмекке жіберді.
Өз кезегінде этномәдени бірлестіктердің мүшелері, белсенді жастар қорға тұрақты түрде ақша аударып тұрады.
«Әсіресе, отандастарымыздың басынан өткен қиыншылыққа бей-жай қарай алмаймыз, халық қатты қайғыруда және оларға қолымыздан келген көмекті көрсету біздің міндетіміз», - дейді олар.