Кәріс халқының Жаңа Жыл мерекесі - Сольналь тойланды

06-02-2019

Кәріс халқының Жаңа Жыл мерекесі - Сольналь тойланды


Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының кіші залында «Шығыс Қазақстан корейлер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен кәріс халқының Жаңа Жыл мерекесі - Сольналь тойланды. 
Кәрістер мерекені табиғаттың жаңаруымен, көктемнің келуімен байланыстырады. Мерекенің көне заманнан қалыптасқан көптеген ғұрыптары да бар. Мәселен, балалардың ата-аналарын мерекемен құттықтау салты «себэ» деп аталады. Кәріс халқының дәстүрі бойынша, жастар әке-шешелеріне үш рет тағзым етіп, оларға деген игі тілектерін білдіреді. Ал үлкендер оларға сый ретінде «токтам» деп аталатын баталарын береді. Осы ғұрыпты жасайтындар, әдетте, ұлттық киім – ханбокты киеді. 
Бұл күні орындалатын тағы бір маңызды дәстүр қайтыс болған отбасы мүшелеріне қатысты. Мерекелік дастархан басында кәрістер бабалар рухынан көмек, қорғауды сұрайды. Бұл салттың аты – «чхаре». Концерт жүргізушілері осы және тағы басқа әдет-ғұрыптар жөнінде баяндап, кейбіреулерін сахынада көрсетті. 
Концерттік бағдарламаға «Инсаноре» вокалдық тобы, «Арабеск» хореографиялық ұжымы және «Восточный ветер» аспаптық ансамблі қатысты.

Осы орайда Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубеков барлық кәріс халқын ұлттық мерекемен құттықтады.

- Кореядағы «Сольнальді» Қазақстандағы «Наурыз» мерекесімен салыстыруға болады. Биылғы жылы Шығыс Қазақстандағы кәрістердің қауымдастығы «Сольнальді» Достық үйінің қабырғасында тұңғыш рет атап өтуде және біз өте қуаныштымыз, - деді ол.