15-02-2021
Оңтүстік-Шығыс Азия мен Оңтүстік Корея елдерінде «Сольналь» мерекесінің орны ерекше. Өздерінің жеке күнтізбелерімен айрықша аталып өтетін бұл мереке қараша айының соңы мен ақпан айына тұспа-тұс келеді.
Осы орайда Достық үйі - қоғамдық келісім орталығы Корей этномәдени бірлестік орталығымен бірге «Сольналь» мерекесіне арналған онлайн концерт өткізді.
Корей халқының айтуынша, бұл мейрам күні әрбір адам ұлттық киімдерін киіп, алыстағы балалары мен тума-туыстары үлкен шаңыраққа, ата-аналарының үйіне жиналып, барлық жақындарымен бас қосып тойлайды екен.
Іс-шара бастамасын Достық үйі - қоғамдық келісім орталығы басшысының орынбасарының құттықтау сөзінен кейін «Шығыс Қазақстан кәрістер қауымдастығы» бірлестігінің белсенді мүшесі - Цой Эльза Юрьевнаның тамылжыған тамаша әнімен бастады.
Концерт барысында «Сольналь» мерекесінің тарихы мен оның дәстүрлері жайлы айтылып, кеш қонақтары Тамара Нам, Римма Ким, Фарид Исмаиловтың сахналық өнерлерімен жалғасып, көрермен көңілінен шықты.
«Барша қауымды Сольналь мерекесімен құттықтаймын. Бұл Шығыс елдері үшін үлкен мереке, бұл мерекеде сіздерге амандық, бақыт, жерімізге бейбітшілік тілеймін», - деп бірлестік Төрайымы Юлия Кунст өз ниетін білдірді.
Шара соңында бірлестік белсенділеріне алғыс хаттар мен төс белгілер табыс етілді.