17-07-2024
Достық үйі - қоғамдық келісім орталығында ШҚО ҚХА Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, «Салауатты сана» жобасының таныстырылымын жасады.
Жиынға облыстық кеңес мүшелері және аудандық кеңестің мүшелері онлайн зум платформасында қатысып өздерінің пікірлерімен, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті.
Ақпараттық топ құрылып, оның жетекшісі облыстық «Үйлесім» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Ақтанжанова Жұлдыз Сейткумарқызы болып сайланды. Қоғамның әлеуметтік бес кеселіне байланысты аудандық, округтер деңгейінде атқарылатын жұмыстар және оларға жауаптылар белгіленді.
Бұл – ҚР Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзі негізіндегі қауіпсіз өмір сүру үшін арылу керек әлеуметтік кеселдермен күресу туралы берген тапсырмасы негізіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі мен ҚХА хатшылығы жасақтаған жобасы.
Отырыс барысында аталмыш жоба негізінде атқарылатын жұмыстардың іс-шара жоспары, аналар кеңесінің салауатты өмір сүретін саналы қоғам қалыптастыру, адал азамат тәрбиелеуге бағытталған жаңа жобаны жүзеге асыру бойынша идеялары мен міндеттері талқылауға ұсынылды.