28-04-2022
Табиғатқа да ерекше күтім, аялы алақан қажет. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан өңіріміздегі барлық этномәдени орталықтың өкілдері Өскемен қаласының көріктендіру жұмыстарына үлестерін қосып, өз ағаштарын отырғызды.
Этномәдени орталықтар осынау ағаш отырғызу шарасын Достық үйінің 30 жылдығына арнап отыр. Акцияға өңірдегі этномәдени орталықтардың мүшелері мен басшылары қатысты. Әр орталық ағаш көшеттерін отырғызды. «Бүгінгі бейбіт өміріміз татулықтың арқасында» деп ұрандатқан ұлыс өкілдерінің ағаштары қаламыздағы этно ауылдың ажарын аша түсті.
Ағаш отырғызуды арнайы мерекеге айналдыру әлемнің көптеген елдерінде кездесетін үрдіс. Ал, бізге жаңадан мереке ойлап табудың қажеті жоқ. Тарихы сонау мыңжылдықтардың қойнауынан бастау алатын көктем айларындағы игі дәстүрімізді сақтап, соны әрі қарай жалғастыра білсек болғаны.
"Табиғатқа ерекше күтім көрсетіп, оны аялау, ардақтау барлық адамзат үшін үлкен міндет. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған іс-шара көпке үлгі боларлық іс. Бұл акция өз қаламыздың табиғатын аялауға, тазалыққа шақырады. Этномәдени бірлестіктердің игі бастамаға жұдырықтай жұмылып атсалысуы қуантады» дейді корей этномәдени бірлестігінің өкілі Юля Кунст.