23-04-2021
Айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан айы барша Мұсылман елдері мәдениетінде ораза ұстап, сауапқа кенелетін ай. Үлкенді сыйлап, кішіге ізет еткен қайырымдылық қасиет қандарына сіңген өңіріміздің жастары, ораза айында тағы бір игі істерін жалғастырды.
Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің қолдауымен Достық үйі - қоғамдық келісім орталығы жастары мен еріктілері барша ораза ұстаған және басқа да қала тұрғындарына ауыз ашарларына су, құрма, палау және бауырсақ таратты.
«Ораза тұтқан мұсылман қауымға жасап жатқан бұл шарамыз жастарды қайырымдылыққа, қамқорлық жасауға, тәрбиелейді және еріктілердің әлеуметтік белсенділігін қалыптастыруға септігін тигізеді. Рамазан айының құдіреттілігін сезініп, қоғамның оған деген көзқарасын сезінеді», - дейді Халифа Алтай мешітінің бас имамы Ермек Мұқатай.
Қала тұрғындарының жиі жүретін жерлерінде осы іс шараны атқарған белсенді жастарымыз, сәуір айының салқынына қарамастан акцияны жүзеге асыра білді, қала тұрғындарының көңілдерін көтеріп, алғыстарын алды.
«Біз - жастар, елдің ертеңі мен бүгініміз. Жақсылыққа жаны құмар әрбір Қазақстандық, ұлт мүддесі үшін аянбай еңбек етері сөзсіз, сондықтан да осындай сауапты акцияларға біз әрқашан дайынбыз», - деп белсенді еріктіміз Дауытбеков Азат өз ойымен қуана бөлісті.