Домбыра – қасиетті музыкалық аспап

03-07-2021

Домбыра – қасиетті музыкалық аспап

Археологиялық зерттеулер көрсеткендей, домбыраның тарихы 4 мың жылдан асады. Бұл аспап - халықтың тарихы мен рухани байлығын сақтап келе жатқан ұлттық рәміз.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығымен 2018 жылғы 12 маусымында Ұлттық домбыра күнін жыл сайын шілденің бірінші жексенбісінде атап өту туралы шешім қабылданды.

Достық үйі - қоғамдық келісім орталығы «Belaleks Boats-пен» бірге ұлттық домбыра күніне орай өзен трамвайында «Ұлттық сөз байрағы - Домбыра» атты ақпараттық акциясын өткізді.

Бұл іс-шараның мақсаты Өскемен қаласының тұрғындарын қазақтың ұлттық аспабы - домбырамен таныстыру болды. Акцияға кәсіби домбырашылар қатысты, олар көрермендер үшін «Көңіл ашар», «Адай», «Балбырауын» және «Сарыарқа» сияқты күйлерді орындады.

«Мен бұл мерекенің біздің елде жыл сайын атап өтілетініне өте қуаныштымын. Бүгін өзен трамвайында көрермендер алдында өнер көрсетіп, ұмытылмас тәжірибесін алдым. Бұл күн ұзақ уақыт бойы есте қалары анық. Осындай мүмкіндіктер сыйлағаны үшін Достық үйіне домбырашылар атынан алғыс айтамын», - деп ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер мектебінің түлегі, Алматы ұлттық Консерваториясының студенті – Батиханов Арна өз әсерімен бөлісті. Ол осы жылдың көктемінен бастап Достық үйінде домбыра сабақтарын жүргізіп келеді.

Көрермендер күйлерді зор ықыласпен тыңдап, қол шапалақтап, осындай қызықты қойылым үшін акция ұйымдастырушыларына алғыс білдірді.