«Татар милли ашлары»: дәстүр мен дәм үйлесімі

29-01-2025

«Татар милли ашлары»: дәстүр мен дәм үйлесімі

Шығыс Қазақстан облысы «Ассамблея жастары» жастар қозғалысының төрағасы Равиль Юнусов Астана қаласының татар қауымы ұйымдастырған «Татар милли ашлары» атты шараға қатысты.

Бұл іс-шара «Татар сандыгы» жобасы аясында өтті. Аталған жоба 2023 жылдың соңында бастау алған. Оның мақсаты – татар жастарының мәдени бірегейлігін нығайту, татар дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын әртүрлі этнос өкілдеріне таныстыру, сондай-ақ мәдени мұраны сақтап, келер ұрпаққа жеткізу.

«Татар милли ашлары» шарасы татар тағамдарының ерекше әлеміне қызықты саяхат болды. Татар ұлттық тағамдары – тек дәмді ас қана емес, сонымен қатар тарих пен дәстүрдің бір бөлшегі. Қатысушылар әртүрлі татар тағамдарының дайындалу әдістері мен олардың тарихы туралы құнды ақпарат алды.

Уақыт өте келе кейбір тағамдардың құрамындағы ингредиенттер өзгеріске ұшырағаны да қызықты факт ретінде айтылды. Мысалы, 19-ғасырда картоп кең таралғаннан кейін, оны бұрын полба дәні қолданылған «Зур бәлеш» тағамына қосатын болған.

Шара барысында татар халқының тұрмыс-тіршілігі, үй жиһаздары мен шаруашылық жүргізуге қажетті заттары жайлы да қызықты мағлұматтар берілді.

«Мен татар этносының өкілі болғандықтан, өзімнің ата-бабамның мәдениеті туралы жаңа нәрселер білу мен үшін өте маңызды. Мұндай шаралар халықтарды біріктіріп қана қоймай, бізді рухани тұрғыдан байытады», – деп өз әсерімен бөлісті Равиль Юнусов.