Татар сыныбы өткізген ашық сабақ.

14-08-2014

Татар сыныбы өткізген ашық сабақ.

2013 жылдың 24 ақпаны күні Облыстық Достық үйінің татар этномәдени бірлестігінің және татар сыныбының ұйымдастыруымен жазушы, журналист татар халқының өкілі Менғали Шаймарданұлы Мусинді еске алуға арналған ашық сабақ өтті. Сабақтың мақсаты: татар тілінің сөйлеу дағдысы мен халықтық мәдени салт-дәстүрді тәжірбие жүзінде бекіту. Жастарды рухани-адамгершілікке, интернациональдыққа тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді нығайту.Сахна әдемі гүлдермен көркемделіп, төріне М. Мусиннің портреті бейнеленген «Волга впадает в Иртыш» тақырыбы жазылған банер ілінген. Татар халқының жарқын тұлғалары көп. Олардың мұраларының құндылығы сол, олар адамдарға даналықтың, білімнің шуағын төкті. Әдебиетке өз үлесін қосқан осындай тамаша адамдармен, біздің жерлесіміз белгілі жазушы, журналист Менғали Мусиннің де аты қатар тұрады.Бүгінгі ашық сабақ өз ісіне адалдықты, табандылықты, ұқыптылықты ұнатқан, Шығыстағы татар диаспорасы өкілдерінің арасынан шыққан жалғыз журналист, жазушы М.Мусиннің өмірі мен шығармашылығына арналды. М.Мусин Үлкен-нарын ауданының Нұғуманов ауылында, темір ұстасының отбасында дүниеге келген. 17 жасында армия қатарына шақырылып, 1-ші Белорус соғысына қатысып, Манчжурияда, Қиыр Шығыста, Солтүстік Кореяда әскери борышын өтеген. Әскери борышын өтеген соң Алблакетка кентінде тұрды. Сол кездегі бар дүниесі жартысы толы қолжазбалар салынған ағаш чемоданы еді.Соғыстан кейінгі жылдары Менғали Мусин Жұлдыз қазақ мектебінде орыс тілінен, одан кейін Солоновскі орыс мектебіне қазақ тілінен сабақ беріп, мұғалімдік қызмет атқарды. Осыдан қарап-ақ, жас мұғалімнің қарапайым ғана болып қоймай, талантты болғанын көреміз. Оның әдеби дарынына қазақ, орыс тілдерін тамаша меңгергені себеп болды. Менғали Мусин – 60 жылдық тәжірибесі бар журналист, КСРО журналисттер одағының мүшесі. Ол – «Огонек», «Жұлдыз», «Ақ Ертіс», «Восток», «Простор» сияқты орталық және өңірлік газеттер мен журналдарда және «Феникс» халықаралық журналында жарық көрген көптеген мақалалардың авторы. «Коммунизм туы», «Лениншіл жас» республикалық газеттерімен әріптестік қатынаста болды. «Сталинский путь» аудандық газетте жұмыс істеді. Бұдан кейін «Знамя коммунизма» облыстық газетіне ауысты. Журналистікпен қатар, М. Мусин жазушы ретінде де өз оқырманына танымал. Оның шығармалары – біздің өлкеміздің басынан өткерген ерлік пен қайғылы оқиғаларына құрылған. Сонымен бірге оның шығармаларында әртүрлі ұлттың өкілдерінің достығы баяндалады. Алғашқы кітабы 1964 жылы «Люди щедрого сердца» атты тақырыпта жарыққа шықты. Одан кейін «Любовь твоя и боль». Барлығы 10 кітап жазды.Жазушының жанына екі тақырып жақын: соғыс және репресссия жылдары тақырыптары. 30 жылдардың қайғылы оқиғалары оның шығармасында жиі кездеседі. Оның айғағы ретінде «Түнекке тұншыққандар» (Унесенные в небытие), «Птица Феникс врага народа» шығармаларын алуға болады. Соғыс тақырыбына қалам тартқан кітаптары: «С катонских гор, с берегов Нарыма», «От Толакая до Сарыбеля». Бұл кітаптардың ерекше құндылығы сонда, онда соғысқа атанған, одан қайтпаған жерлестеріміздің фамилияларымен толықтырылған. Ал 2007 жылы тамаша және өте қызықты «Дети Картая» атты кітабы жарыққа шықты. Менғали Мусин шындықты, адалдықты сүйген азамат.Көрермен қауыммен шара барысында жазушы туралы Қазақстан Республикасы халқы Ассамблеясының мүшесі Л.Б. Шик, облыстық мұрағаттың қызметкері И.Дурова өз естеліктерімен бөлісті. Шараға жазушының жары Марвия Шарифқызы, қызы Гүлнәр қатысты.Татар халқының қазақ жеріне қоныс аударғанына да 400 жыл толыпты. Қазақ халқымен етене араласып кеткен татар халқы, құда болысып, достықта өмір сүруде. Шара барысында татар халқының «Қалыңдықты күйеу үйінде қарсы алу» дәстүрінен сахналық көрініс қойылды. Бұдан кейін татар этномәдени бірлестігінің «Сарман» шығармашылық ұжымының концерті берілді. Татар халқының ән-күйі, биі келген көрермендерге қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шараға 120 адам қатысты. Облыстық Достық үйі.