«Тіл – халық жанын танудың кілті» этнос жастары арасында өткен байқау.

14-08-2014

«Тіл – халық жанын танудың кілті» этнос жастары арасында өткен байқау.

Ағымдағы жылдың 24 сәуірі күні Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Облыстық Достық үйінің бірлесіп өткізуімен этнос жастары арасында «Тіл-халық жанын танудың кілті» атты байқауы өтті. Байқаудың мақсаты, мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгерген этнос жастарын анықтау және ынталандыру, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне және Қазақстан Тәуелсіздігінің нышаны ретінде мемлекеттік тілге құрметпен қарауды қалыптастыру, тіл мәдениетінің деңгейін және мемлекеттік тілді қолдану беделін арттыру болды. Байқауға Облыстық Достық үйінің этномәдени бірлестіктерінен 14–22 жас аралығындағы жастар қатысты. Байқаудың 1-ші кезеңінде қатысушылар қазақ тілінің лексикасымен грамматикасына құрылған 50 тест тапсырмасын орындады. Ал 2-ші кезең жазбаша және аузыша бөліктен тұрды. Жазбаша тапсырма бойынша қатысушылар «Жастар – Қазақстанның болашағы», «Тіл – халық жанын танудың кілті», «Тәрбие басы – тал бесік» атты берілген үш тақырыптың біріне эссе жазса, одан соң әртүрлі тақырыптарға монолог құрады, бұдан кейін билет алу арқылы сұрақтарға жауап берді. 3-ші кезең үй тапсырмасынан тұрды, ол кез келген жанрдағы мәтінді мәнерлеп оқу болды.Байқау болған соң, ол жерде жеңісте, жеңілісте болады. Осы байқауға қатысқан 12 қатысушының ішінде өз қарсыластарынан оза шауып, ерекшеленгендері болды. Олардың жоғарыда аталған кезеңдер бойынша эссе жазып оны оқып беруде, әр қатысушының өзіне берілген тақырып бойынша монолог құруы, ондағы сөз саптаулары, жазбаша тапсырманы қойғанда, ауызша қойылған сұрақтарға да мүдірмей жауап берулері, қазақ тілін үйренуге деген талпыныстары, сол тілде өз ойларын еркін жеткізе алатын деңгейге жеткендіктерімен, сондай-ақ байқауға жауапкершілікпен қарап, жақсы дайындықпен келгендері қуантты. Сонымен бірге қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын мәнерлеп оқып, жатқа айтуда да алдарына жан салмады. Осындай тапсырмалары салмақты байқауда, бәрінен өза шауып, көзге түскен, бас жүлдені жеңіп алған белорус этномәдени бірлестігінің мүшесі Юля Гладышева болса, ал бірінші орынды қанжығасына байлаған армян этномәдени бірлестігінің мүшесі Армэн Карапетян, ал екінші орынды әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі Лейла Джафарова иеленді, үшінші орынды шешен этномәдени бірлестігінің мүшесі Диляра Икбаева алды. Байқау соңында қазылар алқасы жеңімпаздарды, өзге қатысушыларды дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Бас жүлде иегерін, облыстық этнос жастары арасында өтетін байқауға қатысу күтіп тұр. Шараға 32 адам, БАҚ өкілдері қатысты. Облыстық Достық үйі