«Алғыс айтамын» акциясы

01-03-2022

«Алғыс айтамын» акциясы

Көктем де келді, көгілдір көктемнің алғашқы күні елімізде ерекше мереке. Алғыс айту күні. Қазақстан халқы Ассамблеясы атаулы күні "Алғыс айтамын" атты акция ұйымдастырып, қала тұрғындарын қуантты. 

«Акцияны өзгеше форматта өткізуді ұйғарып, тұрғындардың көңіл-күйін көтердік. Оларға Алғыс айту күні мерекесі туралы жан-жақты ақпарат бердік. Ерекше атап өтерлігі, бұл мейрам мемлекеттік мәртебеге ие» дейді ұйымдастырушылар. 

Іс-шараның бастамашылары – "Ассамблея жастары" жастар қозғалысының мүшелері көшеде өтіп бара жатқан адамдармен пікір алмасып, қазақстандықтардың жыл сайын көктемнің басында - 1 наурызда атап өтетін салтанаты туралы әңгімелеп берді. Отандық шоколад түріндегі танымдық мәліметтер, құрт және тәтті сыйлықтар қала тұрғындарының көңілін серпілткендей болды.

Айта кетейік, құрт республикада тұратын барлық этностар үшін қасиетті ас саналады. Қазақтың дәстүрлі тағамы депортация кезінде түрлі ұлт өкілдерінің өмірін сақтап қалды деуге де болады. Қазақтар күртеге оралған құртты тікенді сым қоршаулардан асыра лақтырып, арып-ашыққан жандардың жүрек жалғауына жәрдемдесті. Мұны қала тұрғындарының көпшілігі жақсы біледі. "Ассамблея жастарының" белсенділері айтқан бұл оқиғаны әрі қарай жалғастырып, іліп әкеткені сөзімізге дәлел. 

"Қасиетті құртпен бірге «Қазақстан» шоколадының дәмін татып, ерекше сезімге бөлендік. Осындай тағылымды шара ұйымдастырғаны үшін Достық үйіне алғысымыз шексіз" дейді жергілікті тұрғын.