11-02-2022
Әр ұлттың әдебиет тарихында туған халқының руханиятын биік белеске көтеріп, соңына өшпес із, өлмес мұра қалдырған ұлы тұлғалары болады. Әлем әдебиетінен ойып тұрып орын алған сондай тұлғалардың бірі емес бірегейі –орыстың ғажайып ақыны Александр Сергеевич Пушкин. Жазған туындыларын төрткүл дүние мойындаған қалам иесіне қазақ халқының да құрметі өзгеше. Ұлы ақынның дүниеден өткеніне 185 жыл толуына орай "Вита-мир" кітап дүкенінде Достық үйі-қоғамдық келісім орталығы мен Орыс мәдени орталығының бірлесуімен еске алу кеші өтті.
Шара барысында дүлдүл ақынның шығармашылығын жас ұрпаққа кеңінен дәріптеу мақсатында квест ұйымдастырылды. Квестке қатысқан қонақтар сөз зергерінің туындыларына қатысты сұрақтарға жауап беріп, білімдерін сынады.
Кештің шымылдығы Фарид Исмаиловтің орындауындағы, Генадий Кузьминнің сүйемелдеуіндегі "Я вас любил" әнімен түрілді.
"Пушкин әлемдік әдебиетке тек мазмұн жағынан ғана емес, поэтикалық шеберлік тұрғысынан да үлкен әсер етті. Орыс мәдени орталығының жетекшісі ретінде болашақ ұрпаққа осындай керемет ақынның керемет туындыларын жеткізу парызымыз деп санаймын" деп өз ойымен бөлісті Орыс мәдени орталығының жетекшісі Вера Правдина.
Этно мәдени бірлестіктердің белсенділері Валентина Фрыжко мен Любовь Семенкова орындаған әсем әндер кештің көрігін қыздырып, қонақтарға керемет көңіл-күй сыйлады. Әсіресе облыстық Драма театрының режиссері, актрисасы Анастасия Витманның орындауындағы "Татьянаға хат" өлеңі жиналған жұрттың бей-жай қалдырмады.
«Әсерлі жыр мен әсем ән тыңдап, бұл кештен керемет әсер алдым. Ұлы ақын шығармашылығын ұлықтап осындай тағылымды шара ұйымдастырғандары үшін Достық үйі- қоғамдық келісім орталығы мен Орыс мәдени орталығына алғысымды білдіргім келеді» дейді шараға қатысушылардың бірі.
Шара соңында ұйымдастырушылар қонақтар арасында Пушкин өлеңдерін оқудан сайыс өткізді. Қатысушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, "Вита-мир" дүкенінің сыйлықтарына ие болды.