Аналар үйі

17-11-2021

Аналар үйі

Албырт жастықтың буымен қателікке бой алдырып, некесіз бала көтеріп, кейін ел-жұрттың алдында масқара болмас үшін құрсағынан шыққан шаранасынан бас тартып, көшеге тастап немесе Сәбилер үйіне өткізіп жатқан безбүйрек аналар да жоқ емес. Психологтар олардың мұндай қадамға амалсыздан, мәжбүрліктен баратынын айтады. Алайда осындай шарасыз күйге түскен аналарды паналататын «Ана үйі» жұмыс істейтінін біреу білсе, біреу білмейді.

Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында «Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмыстағы сабақтастық және өзара іс-қимыл» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Жиынға Өскемен қаласындағы мамандандырылған Балалар үйі мен Семейдегі Аналар үйінің мамандары, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары, прокуратура, Білім басқармасының өкілдері, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер қатысты.

Мамандандырылған Балалар үйінің әлеуметтік қызметкері –Маржан Смағұлова «Балалар үйі – жетім балалар мен ата – анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру нысаны ретінде» тақырыбында презентациясын ұсынды. Сонымен қатар, мамандандырылған Балалар үйінің директорының м.а. Бақыт Таймасова, прокуратура өкілі Лаура Түгелова, «Ана үйі» қоғамдық қоры жобасының жетекшісі Сәния Арсенова баяндама жасады.

Шара соңында кездесудің қорытындысы шығарылып, ұсынымдар әзірленді.