03-09-2021
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылау мақсатында «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесіне орай «Өскемен қаласында тіл саясатын жүзеге асыру» атты дөңгелек үстел отырысы өткізілді.
Іс – шара барысында «Қазақ руханияты: кешегі/бүгінгі Өскемен және болжам» атты тақырып аясында Қазақстан Жазушылар Одағының Шығыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің төрағасы Қаңтарбаев Әлібек Қалиұлы сөз сөйледі. Сондай – ақ жиында қалалық білім беру бөлімінің әдіскері Скакова Зульфира Сатыбалдықызы, «Достық үйі- Қоғамдық келісім орталығы» басшысының орынбасары Алканова Жанар Ахметқалиқызы, филология ғылымының кандидаты, С. Аманжолов атындағы ШҚУ қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының доценті Бияров Бердібек Нұролдаұлы мен өзге де тыңдаушылар қойылған тақырып аясында талқылау жүргізді.
Жиынның мақсаты мен маңызы – мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау және оқып, үйренуге деген ықылас пен қызығушылықты арттыру арқылы облыс орталығында қолдану аясын кеңейту, өскелең ұрпақтың отаншылдық сезімін нығайтып, ұлттық құндылықтарымызды қадірлеп, сақтауға ықпал ету болды.
Басқосу барысында Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 - 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы, мекемелерде мемлекеттік тілде іс жүргізу мәселесі, Өскеменде қазақ тілі мәртебесін көтеру сынды басқа да көкейтесті мәселелер туралы әңгіме қозғалып, талқыланды және ұсыныстар ортаға салынды.